Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің мәліметі бойынша 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік тіркелген. Жалпы елімізде 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2 550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) меншігіне жатады. Соңғы жылдары ҚМДБ филиалдарының саны, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбейгені байқалады. «Қазақстан православие шіркеуі» республикалық діни бірлестігі (бұдан әрі – ҚПШ) өкілдерінің саны жағынан екінші орында. Құрамына 325 діни субъект, оның ішінде 301 приход, 9 епархия және 294 діни құрылыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі кіреді. Республика аумағында армян апостол шіркеуі, шетелдегі православие шіркеуі, помор православие шіркеуі және 3 ескі ғұрыптық шіркеу жұмыс істейді.
Қазақстандағы Рим католик шіркеуі (бұдан әрі – РКШ) 85 діни қауымнан тұрады, оның 5 қауымы грек католик шіркеуіне қарайды. РКШ орталығы католик шіркеуі провинциясына (митрополия) жататын Астана қаласындағы Әулие Мариям Архиепархиясы болып табылады. РКШ Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 мамырдағы № 141 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісім негізінде 1998 жылдан бері жұмыс істейді.
667 протестанттық діни субъект қызмет атқарады. Ең ірі протестанттық қауымға елуіншілер шіркеуі, інжіл христиан-баптистер шіркеуі, пресвитериан, жетінші күн адвентистері және інжіл-лютеран шіркеулері жатады.